тек қана Қазақстанда ғана-2... - Қолымыздағы ұялы телефондарымыздың сыртын алтынмен аптап, күміспен қаптап, чехолмен орағанша қыздарымыздың сыртқы келбеттеріне үлкен мән бергеніміз абзал. Сол қаракөз қарындастарымыздың үстін қымтайық. Көп көздің сұқтануынан сақтандырайық. Қағазы аршылып қалған конфетке шыбын-шіркейдің де көп қонақтайтыны секілді нәпсісін оятар ашық-шашық киімдердің пайдасынан гөрі күнәсі көп болатынын түсіндірейік, әйтпесе Мейіржан Әлібеков айтқандай: «..қазір көзі ашық, көңілі ояу әжелердің соңын көкірегі ашық, көзі бояу қыздар басып келе жатыр» - кезінде халықтың кең қолдауына ие болып, салт-дәстүріміздің жалғасы болып ғасырдан-ғасырға аман жеткен айтыс өнерінің тынысын тарылтып, небәрі 10-15 жылдың ішінде біржолата құлдыратып тындық. Қоғамның өткір мәселесін сынап, мұң-мұқтажын жоқтаған асыл өнеріміздің өмірі осылайша Кеңестік дәуірде емес егеменді Қазақстанда аяқталып келе жатқанына ішің өртенеді әрине. Бір-бірінің ауыздарына түкіріп қойғандай отбасы ошақ қасы мен "Нұр Отанды" мақтаудан әріге асар емес. - Медицина ғылымы күннен-күнге шарықтап дамып жатса да Оңтүстік Қазақстан облысында 270 баланың Вич індетін жұқтырғаны мәлім. Ал жақында республикалық СПИД орталығының бас дәрігері Владимир Слесарьев келіп, қазіргі таңда 55 бала СПИД стадиясына өтіп кетті деп хабарлады. - 16-желтоқсанды емес Хеллоуинді, 1-сәуір Қозы Көрпеш-Баян Сұлу күнін емес Әулие Валентин күнін тойлауға, бір-бірімізді құттықтауға келгенде алдымызға жан салмаймыз, ал өзіміздікі жетім баланың күйін кешіп өзгелердің көлеңкесінде қала береді. Өзгенің қаңсығын өзімізге таңсық санап жатқанымыз шамалы. Сол «Хеллоуинді Америка мектептерінде атап өтуге тыйым салынды» деп хабарлады CBS Seattle. - біріміз бал қымыз, біріміз сары қымыз деп тамсанып жүрген қымызымыздың авторлық құқығы Ганс Цольман деген немістің қанжығасында кетіпті. Өкінішті-ақ. Енді қалғаны киіз үйіміз бен ер тұрманымыздан, шұбатымыз бен бесбармағымыздан, тазымыз бен бүркітімізден айырылып қалмасақ болғаны. - Осыдан 2 жыл бұрын сатып алынған, бір емес, екі емес, мыңға жуық австралиялық, америкалық герефорд, ангус атты етті, сүтті, әрқайсысы 6-7 мың доллар (шетелге сатқан сәбилерімізден қымбат боп тұрғаны айтпаса да түсінікті.авт) тұратын 722 бас ірі қараны беймәлім вирустық диарея мен шмалленберг деген ауруға шалдыққанына байланысты оларды бұзауымен қосып өртеп жіберу туралы шешім қабылданды. - Он жерден Англия мен Американың белді университеттерін оқы, тауыс мейлі, телефон соғатын «Бәкең» мен «Сәкеңдерің» болмаса әлдебір мекемеге барып «мені жұмысқа алыңызшы» деп әуре болмай-ақ қойыңыз. Жоғарыда аталғандай «су ақпайтын» шатырыңыз болмаса жұмысқа орналасуға әкелген резюме қағазың осылайша қоқыс жәшігіне қарай жол тарта бермек. Өз күшімен оңай кіргендер бар шығар, алайда олар жүздің он пайызы ғана болып қала бермек. - Ресейдің ұшақсыз ұшатын ұшақтары көгімізде істен шығып құлап жатса да оған мыңқ етер емеспіз. Ол не үшін көк аспанымызды шарлап жүр, не мақсаттары бар, неліктен құлағаннан кейін барып білеміз, оған енді бас ауыртып жатқанымыз шамалы. «жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» - демейтін бе еді осындайда. Сенген Ұлттық Қауіпсіздігім сен болсаң күйсегеніңе болайын ендеше. - Украинаның Радасында, Ресейдің Думасында, қырғыздардың Жоғарғы Кеңесінде депутаттар қырықпышақ боп айтысып, жаңа заң қабылдап, саяси белсенділіктерін көрсетіп жатады. Ал бізде ше! Елім деп еңіреп, жерім деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген Амангелді Айталы, Мұхтар Шаханов, Тоқтар Әубәкіров, Бекболат Тілеуханов сынды ұлт мақтаныштарын көп отырғызбады. Ғарышкер батырымыздың: «Еуропа болсын, оның ар жағындағы АҚШ болсын, ешқайсысының «Қазақстанды көтерейік, гүлдентейік» деген титтей де ойы жоқ. Мұнда олар «Қазақстанды пайдаланайық» деген оймен ғана келеді. Барлық жерде жаулап алды. Пайдаланды да, тастай салды. Тыржалаңаш шешіндіреді де, жібере салады. Соны ұғуымыз керек» дегені жоғарыдағы кім-кімге де ұнамасы айдан анық. Елдің қамын ойлап, жоғын жоқтаған осындай зиялы өкілдерімізді Парламенттің өз төріне сидыра алмағандары еліміздегі демократияның қандай деңгейде екенін паш етіп тұрғандай. - Алдыңғы ағаларымыз бас болып, кейінгілері қос болып елімізді ұшпаққа шығарады деп өрекпіп «Кедендік Одақ» деген аждаһаның аузына өзіміз барып кіріп едік. Кіргеніміз сол-ақ екен Белоруссия мен Ресейдің тауарлары тарақандай қаптап, сауда біткен орындарды түгелге дерлік жаулап алды. Ал өзіміздікі ше?? Өзімізді қамтамасыз етуге жағдайы жетпей жүргенде өзгені қалай қарқ қылмақ. Жаңадан ашылған жүздеген цехтар мен фабрикалар бірінен соң бірі жабылып жатыр. Себеп бәсекеге қабілетсіз. Арзан шұжық ағылып келіп жатқанда отандық қымбатына жүгіретін ақымақ емес шығарсыз. - Жастардың газет бетін ашпауын, кітап оқымауын, өз тарихын жетік білмеуін, салт-дәстүрін сыйламауын көз жұмып қойып қарап отыратын мәселе деп қарамағанымыз абзал. Өйткені ендігі 15-20 жылдан кейін ел баскаратын, елдің тізгінін ұстайтын осы жастарымыз екені белгілі. Агентте басы айналып, Инстаграмга телміріп, Уатсапқа жіпсіз байланған бозбала мен бойжеткендерге елдің ертеңін сеніп тапсыру лайк басып, комментарий жазу емес. Үлкен келелі міндетті «нестеватсын» мен «нестеп отцындарға» тапсыру бабаның қаны, ананың жасы, батырдың ерлігі, асыл жардың сағынышымен жеткен ұлан-байтақ қазақ елін құлдыратумен пара-пар екені айтпаса да түсінікті.

Теги других блогов: Қазақстан СПИД өнер